Ащы да болса ақиқат...
"Өмір" кафесіндегі әңгіме
- Даяршы, маған қасіреттен бір кесе берші.
- Кешіріңіз, мырзам, тым кеш қой, жаңа ғана таусылған.
- Онда қуаныштан әкел.
- Ғафу етіңіз, таң атпай бітіп қалған. Бұрынғыдай-ақ жалғыздықтан әкелейін бе?
- Керегі жоқ. Мен оны бес жыл ішіп, қойып кеткем. Бүгін басқасын берші. Шаттық бар ма?
- Бар. Бірақ, аздап жалғандық қосылған.
- Пәктік ше?
- Бұл мәзірдің бірінші қатарында жазылғанымен, мұнда ешқашан болған емес.
- Сезім ше?
- Кеше ғана біреуін сатып алғандарға екеуін қосып беріп, зорға тауыстық. Өзіңіз білесіз, қазір сезім ештеңеге татымайды. Тым арзан. Оның үстіне бәрі де сапасыз. Амалсыздан сауға ретінде солай өткіздік.
- Жарайды, шынайы сүйіспеншіліктен берші.
- Бұрын болған еді. Қазір жоқ. Мұндай тәтті дүние әлемде тым аз. Естісем, оның өзін алыс қиырдан зорға алдырып жүргендер бар. Бағасы тым қымбат.
- Е, бұрын болған. Күнде осыдан ішуші ем. Дәмі тіл үйіретін, ләззәті де шексіз еді.
- Кешіріңіз, сізге айтар насихатым. Бұдан былай ішпеңіз. Ол тәтті болғанымен, жүрек ауруларына шалдықтырады екен.
- Өзің ішіп көріп пе ең?
- Жоқ, болса да ішпес ем. Келген қонақтардан солай естігем. Мырза, сізге рақымсыздықтан бір кесе алып келейін. Қазір оның базары жақсы. Қонақтардың бәрі де соны ішеді.
- Солай ма?! (Мазақтай күлді). Бұрын олар шынайы сүйіспеншіліктен біраз ішіп алса болды, «күйдім, сүйдім» деп жүрегі елжіреп сала беретін. Соншама тез өзгерген бе?
- Иә, қазір рақымсыздық сәнге айналды.
- Жарайды. Ғашықтық бар ма? Содан әкелші.
- Бар.
- Біреуін әкел, табандылықтан көбірек қосарсың.
- Қазіргі табандылықтың бәрі Қытайда жасалған. Сапалысы қалған жоқ.
- Айтпақшы, әлгі алтын кеседегі тәтті тағамдарың не еді?
- Мырзам, тұрақты қонағымызсыз. Сол үшін де шынымды айтайын. Оған нәпсіден көбірек қосып, өкініш майын араластырып, тұрмыс қазанында қайнатады. Кесесі алтыннан. Сол үшін де қымбаттау.
- Жарайды. Ғашықтықтан әкеле бер. Бала күнімде бір рет дәмін татқаным бар еді. Айтпақшы, махаббаттан бір кесесін дайындап ала келші. Итіме ала кетейін...